Түркістанда мәслихат депутаттары оқудан өтіп жатыр. Бұл тренинг – Қазақстан Сенаты мен мәслихаттардың 2024 жылы бекітілген өзара іс-қимыл бағдарламасының бір бөлігі. Ол депутаттардың заң шығару құзыретін арттыруға, құқық қолдану дағдыларын нығайтуға бағытталған. Басқосу барысында өңірлік көшбасшылардың алдында тұрған өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, қоғамдық бақылау, әлеуметтік қорғау мен азаматтардың қауіпсіздігін күшейту жайы сөз болды. Жалпы жиын барысында, депутаттар жемқорлықты жою, кәсіпкерлікті дамыту, жер мәселесіне қатысты да өз ұсыныс пікірлерін білдірді. Төртінші рет ұйымдастырылып жатқан тренинг осыған дейін Семей, Орал, Қарағанды қалаларында өткен. Еліміздің барлық аймағын қамтуды жоспарға алған жиын Астана қаласында түйінделеді.