Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова үй қамаққа алынды. Бұған дейін ол пара алды деген күдікпен ұсталған. Сот оның жалғызбасты ана екенін, кәмелетке толмаған екі баласы барын ескерген. Бұл туралы Атырау облыстық мамандандырылған сотының баспасөз қызметі мәлімдеді. Еске салсақ, Хаменова өңірлік мәдениет басқарма басшысымен бірге 4 миллион 500 мың теңге пара алғаны үшін күдікке ілінді. Бұл - Атырауда орнатылуы тиіс Абай ескерткішіне бөлінген қаржы. Бақытгүл Хаменованы қазақстандықтар жақсы таниды – ол былтыр наурызда әкімнің орынбасары болып тағайындалғанша «Нұр Отан» партиясы атынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты еді.