Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шахмат олимпиадасынан күміс жүлде иеленген әйелдер құрамасын құттықтады. Әлеуметтік желідегі парақшасында мемлекет басшысы «Бұл – қазақ шахмат мектебі мен шахматшы қыздарымыздың тамаша жетістігі. Спортшыларымыз биік белестерді бағындыра берсін!» - деп жазды. Айта өтейік, Будапеште өткен сайыста Қазақстан құрамасы 18 ұпай жинап, алғаш рет жүлдегер атанды. Ақтық сында жерлестеріміз АҚШ командасымен бақ сынасты. Ал ұлттық құрама намысын Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман, Амина Қайырбекова қорғады. Халықаралық додаға 188 мемлекет қатысқан.