Түркістан өңірінде жаңа зауыттар ашу, кәсіпорындар салу жұмыстарына басымдық берілген. Бұл ретте инвесторлар мен кәсіпкерлерге арнайы инфрақұрылыммен қамтылған аймақтар қажет. Сондықтан Түркістан қаласы маңында «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылып, инженерлік инфрақұрылыммен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған аймаққа барып, жай-күйімен танысты. Осы аймақта орналасатын жобаларды қазірден іріктеп, инвесторлармен, кәсіпкерлермен тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды. Инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстары аяқталған соң, мұнда 50-ге жуық кәсіпорын орналасып, жұмысын бастайды. Нәтижесінде, 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.