Соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан. Бүгін мәжіліс отырысында депутат Нартай Аралбайұлы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа әскердегі әлімжеттік жөнінде депутаттық сауал жолдады. Айтуынша еліміздің армиясында келеңсіздік көп орын алады. Сондықтан депутат бейбіт күндегі әскерилердің өлім жағдайларының алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдау, әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған іс-әрекеттерді күшейту жөнінде ұсыныс білдірді. Тағы депутат әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен екендігіне назар аударды. «Соңғы рет олардың жалақысы 2008 жылы ғана көтерілген», – дейді.