Елімізде 11-13 жас аралығындағы қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы екпе салу басталды. Еліміздің бас санитарлық дәрігері тиісті қаулыға қол қойды. Бұл бастама жатыр мойны обырының алдын алады дейді мамандар. Себебі, елімізде жылына 1800-ге жуық қыз-келіншектен қауіпті дерт анықталады. Соның 600-і көз жұматын көрінеді. Дәрігерлер аурудың жылдан жылға жасарып жатқанына алаңдаулы. Вирусқа қарсы екпе қыздарға мектептегі медициналық кабинеттерде немесе тұрғылықты жері бойынша емханаларда салынады. Айта кетерлігі, вакцина тек ата-аналарының рұқсатымен және тегін егіледі.