Жетісу облысында жаңа әуежай салынбақ. Жобаға 500 млн доллар инвестиция тарту жоспарланған. Сондай-ақ ол арқылы 300-ден астам тұрақты жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Германияның федералды канцлері Олаф Шольцтың Қазақстанға ресми сапары аясында Көлік министрлігі мен «СКАЙ ХАНСА» компаниясы арасында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында жүк-жолаушылар әуежайын салу жобасын іске асыру туралы негіздемелік келісім жасалды. Жобаға сағатына 500 адам қабылдай алатын жолаушылар терминалы бар әуежай инфрақұрылымын, сыйымдылығы жылына 550 мың тоннаға дейін отын қоймасын, жылына 250 мың тоннаға дейін жүктерді толық өңдейтін жүк терминалын салудың, әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін авиациялық-техникалық орталық құрудың, сондай-ақ басқа да туристік және сауда-ойын-сауық қызметтерін дамытудың үш кезеңдік бағдарламасы кіреді.