Елімізде колледж түлектерінің білімі мен дағдылар деңгейі көбіне жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келе бермейді. Ал, жастар болса, колледждерде оқуға құлықсыз. Бүгін Үкімет отырысында премьер-министрі Олжас Бектенов осылай деді. Айтуынша елімізде кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту үшін тың тәсілдер қолдану керек. Қазір колледждер жұмысшы мамандықтары бойынша тегін оқытады. 3 жыл ішінде кадр даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі айтарлықтай ұлғайды. Алайда нәтиже күткендей болып отырған жоқ.