Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі үшін мемлекет қайраткері Сәт Тоқпақбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Сондай-ақ айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды. Биыл генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев 85 жасқа келді. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттың, мемлекеттің және Президенттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелген. Сәт Бесімбайұлының басшылығымен жасалған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмыстарын ұйымдастыруға қажетті арнаулы құжаттардың көбісі әлі күнге дейін қолданыста. Сәт Тоқпақбаев Мәжіліс депутаты болған уақытта да мол тәжірибесін, күш-жігерін мемлекетіміздің Қарулы күштері мен қауіпсіздігін нығайтуға қажетті заңдарды қабылдауға жұмсады.