Әлемде маймыл шешегі деп аталатын індет өршіп барады. Осыған байланысты еліміздегі әуежайлар мен шекарада бақылауды күшейту қажет. Бүгін үкімет отырысында Олжас Бектенов жауапты министрлерге осындай тапсырма берді. Елімізде бұл кеселді жұқтырғандар тіркелмеген. Соған қарамастан босаңсуға болмайды, - деді Премьер-министр. Бұл кесел Гана, Конго, Камерун, Либерия, Нигерия, Орталық Африка Республикаларында көп таралған. Осы аталған аймақтардан келген азаматтар ерекше бақылауға алынады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі кез келген жағдайға дайын екенін, дәрі-дәрмек қорын толтырып, емдеу әдістеріне әзірміз деп мәлімдеді.