Илон Масктың интернетінің игілігін Түркістан облысындағы 329 мектеп көріп отыр. Білім ұяларының бәрі өңірдегі шалғай және таулы аумақтарда орналасқан. Бұрын мұндай ауылдарда ұялы байланыс дұрыс жұмыс істемейтін. Тіпті ғаламторға кірудің өзі мұң еді. Осылайша білім саласындағы интернет мәселесі толығымен шешіліп келеді. Жуырда аты әйгілі «Starlink» интернеті тағы бір мектепке қосылады. Бұдан бөлек өңірдегі 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Оның ішінде 581 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісі орнатылған. Жақында тағы 33 мектепті оптикамен қамту жоспарланып отыр.