Елімізде машина жасау, металл бұйымдар мен қағаз өнімдері салаларында импорт көрсеткіші төмендеген. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты. Ведомство басшысының сөзінше, соңғы 6 айда өңдеу өнеркәсібіндегі өсім – 5,1%. Қара және түсті металлургия, химия, машина жасау және жиһаз өндіру салаларында да өсім тіркелген. Қанат Шарлапаев отандық өндірушілерді қолдау үшін заңдарға келесі өзгерістер енгізілгенін де айтты. Мәселен, мемлекеттік сатып алуда басымдық берілетін отандық тауарлар тізбесі кеңейтілген. Мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық тауарларды пайдалануға бақылау енгізілген. Нәтижесінде Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі өндірісі 4%-ға өсіп, импорт 7%-ға төмендеген.