«Өңірде іс бастаймын, кәсібімді кеңейтемін деген азаматтарға мүмкіндік көп. Ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу қажет». Осылай деген өңір басшысы талай жанның кәсіп бастауына мұрындық болған. Солардың бірі – Сырым Ертаев. Ол жылқы, ірі қара, ұсақ малдарға арналған түйіршіктелген құрама жем шығарумен айналыспақ. Зауыт сағатына – 20 тонна, жылына 2000 тонна өнім шығаруға қауқарлы болмақ. Қазір онда Түркиядан әкелінген қондырғылар орнатылып жатыр. Сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталмақ. Кәсіп иесі өндіріс орнын жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр. Бүгінде нысан құрылысы 60%-ға орындалған. Кәсіпкер жаңа жоба арқылы 12 адамды тұрақты және уақытша жұмыспен қамтымақ ниетте.