Түркістан облысында денсаулық сақтау нысандары салынып, бірқатары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы салаға жауапты басшыларды жинап, құрылыс барысын пысықтады. Олардың инфрақұрылымын жақсартуда олқылыққа жол берілмеуі керек екенін айтты. Мәжілісте өңірде күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысандардың қазіргі жай-күйі айтылды. 2024 жылға 7 денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланған. Бүгінгі таңда 3 нысан мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Әсіресе, елді мекендерде медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарына көп күш салынады. Оған деген қажеттілікті жою бойынша 2 бағытта жұмыстар жүргізілуде. Олар - жекеменшік емханасы бар ұйымға ауыл тұрғындарын тіркеу арқылы медициналық нысан салу және әлеуетті инвестор салған дайын ғимаратты сатып алу. Осы 2 бағытта Денсаулық сақтау басқармасының дайын үлгілік жобаларын қолдану арқылы бірыңғай нысандар салынады деп жоспарланған.