Түркістан облысының жиһаз кластеріне инвестиция тарту жөнінде келіссөз жүргізілді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды шетелдік инвестормен кездесіп, екіжақты әріптестікті нығайту, жиһаз өндірісін дамыту, бірлескен кәсіпорын ашу жөнінде талқылады. Бұл негізінен өңір басшысының Қытайға іс-сапары барысындағы келісім-шарттар аясында жүзеге аспақ. Жалпы аймақта 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең ірілері өнімдерін Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстанға экспорттайды. Келіссөздер нәтижесінде инвесторлар қысқа мерзімде жобаны жүзеге асыруға дайын екенін жеткізген. «АҚНИЕТ HOLDING» ЖШС-нің директоры Омар Бақтыкерей инвестормен келісім жасалғанын, жоба жан-жақты талқыланғанын айтты. Алдағы уақытта өңірде ірі жиһаз зауыты ашылып, 200 жұмыс орны құрылмақ.