Металлургия саласына 40 жылға жуық қызмет еткен. Түркістан облысының тумасы Нұрлан Қадырәлиевке мемлекет басшысының жарлығымен «Құрмет» ордені берілді. Елордадан келген ақжолтай аманатты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды табыс етті. Кеудесінде күндей жарқыраған медальдің Нұрлан Қадырәлиев үшін маңызы зор. Өйткені ол - маңдай тердің ақысы. Қызмет жолын 20 жасында бастаған металлург жаздың 40 градус ыстығында да 1300 градус ыстықта жұмыс істеді. Әлі күнге сол қызметін жалғастыруда. Облыс әкімі марапат иесіне Президенттің жарлығымен берілген орденді табыс етіп тұрып, Түркістан облысын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.