Қыстың қамын жазда ойла. Кентаудағы Жылу энерго орталығының қазандықтарын жөндеу, жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Стратегиялық маңызы бар нысанның құрылысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жеке бақылауында. Сондықтан да өткен демалыс күні аймақ басшысы қала әкімімен қоса, бірқатар жауапты тұлғаларды ертіп өндіріс орнында жиналыс өткізді. Мердігерлердің есептерін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді. Жұмыстар сараланып, кемшіліктер ашық айтылды. Айта кетейік, Кентаудағы Жылу энерго орталығында жыл басынан бері "ЭМ-холдинг" Жауапкершілігі Шектеулі Серіктестігі "Қазандықтарды реконструкциялау" жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Бекітілген кестеге сәйкес екі қазандық тамыздың 30-на дейін толық жөнделіп бітуі тиіс. Ал қалғандары жылыту маусымы басталғанша толық дайын болмақ.