Үкімет көктемгі су тасқыны салдарын жоюға және зақымдалған инфрақұрылымдық нысандарды қалпына келтіруге төтенше резервтен қосымша 22,7 млрд теңге бөлді. Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, тиісті қаулыға Премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды. Қаражат Ақмола, Ақтөбе, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жолдарды, сондай-ақ көпірлер мен су өткізгіш құрылымдарды қалпына келтіруге және құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін әкімдіктерге бөлінеді. Атап айтқанда, Ақтөбе облысында 31 жобаға, Ақмола облысында 14 жобаға, Қостанай облысында 22 бағыт бойынша жолдарды жөндеуге жұмсалады. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында 10 жолды жөндеу жоспарланған.