Құмар ойын ойнаған шенеунік жұмыстан шығарылады. Мемлекет басшысы осындай заңға қол қойды. Ол бойынша бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери сала мамандары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері бәс тіге алмайды. Сондай-ақ енді 21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусын сатылмайды. Өзгерістер мұнымен шектелмейді. Бұдан былай, Қазақстанда вейптерді сатуға, таратуға және елге әкелуге тыйым салынады. Оны шеккендер жазаланбаса да, сатқандар жауапкершілікке тартылады. Нақтырақ айтқанда, вейпті әкелген не өндіргендер 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл немесе 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмысқа тартылады. Сондай ақ, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.