Түркістан облысының тұрғындары телефонға телміріп, интернет іздеп қыр басына шығып кетпейді. Себебі облыс халқының 92,2% ғаламдық желіге қосылған. Бұл ресми деректер. Көрсеткіш жоғары болғанымен, көңіл көншітпей отырған мәселелер де бар. Себебі мобильді интернет сапасы кей ауылдарда 2G-мен шектелсе, кейбірінде тіптен байланыс жоқ. Осы орайда елімізге танымал Кселл мен Билайн операторлары жүзден аса жаңа базалық станция орнатып, жұртты жарылқамақ. Бұл туралы облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында айтылды.