Қазығұрттық 700-ден астам азамат сенбілікке шықты. Таза Қазақстан экологиялық акциясына барша ауыл округтен келген мемлекеттік және қоғамдық қызметкерлер, еріктілер мен ауданның басқа да тұрғындары қатысты. Олар республикалық маңызы бар «Алматы - Термез» автожолы бойын тазалап, шөп орып, ағаштардың түптерін әктеді. Тас жолдың бойы және 223 ішкі көше тазаланып, 140 шақырымдық облыстық маңызы бар жолдар түгел тазаланды. Аудан орталығы 21 секторға бөлініп 93 аялдама сырланып, қалпына келтірілді. Бұдан бөлек 10 үйдің қасбеті әктеліп, сырлау жұмыстары жүргізілсе, 60 шақырымдық арық атыз қоқыс қалдықтарынан тазартылды.