Кітапханашылар мардымсыз жалақы алып отыр. Сала мамандарының орташа айлығы нәбары- 125 мың теңге. Жалақының төмен деңгейі білікті кадрлардың бұл саладан кетуіне әкеп соғып жатыр. Осылай деген сенатор Нұртөре Жүсіп депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады. Айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Ұлттық құрылтайда кітап күнін белгілеу туралы идеяға қолдау да білдірген. Дегенмен қазір оған қатысты заңнамалық база жоқ. Қолжетімді кітаптардың көпшілігі ескірген және оқырмандардың заманауи ақпараттық сұранысына сәйкес келмейді. Қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты кітап қорын жыл сайын жаңарту ісі кейінгі 20 жылда небары 1,8 пайызды құрап отыр екен.