Түркістан тәулік бойы жасалған тынымсыз еңбектің арқасында бой көтерді. Қаланы облыс орталығына айналдыру жолында құрылыс жұмыстары бір сәтке де дамылдаған жоқ. Құрылысшылар қаланы күндіз-түні тоқтаусыз салды. Бүгінде шағын шаһар көркіне көз тоймайтын әсем ғимараттарға толы қалаға айналды. «Бұл сол өңірде өмір сүріп жатқан халықтың жанқиярлық еңбегінің жемісі», – деген Парламент Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Түркістан облысының құрылуы туралы өз естеліктерімен бөлісті. Түркістан облысының іргетасы қаланған тұста мәслихат хатшысы қызметін атқарған халық қалаулысы еңбекқор халқы бар өңір келешекте өзін-өзі қаржыландыра алатын мықты аймаққа айналатынына сенім білдірді.