Елордада Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты ту көтеру рәсімі өтті. «Атамекен» этно-мемориал кешенінде өткен шараға Мемлекет басшысы қатысты. Құрмет қарауыл ротасының бастығы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді. Мемлекет басшысы өз кезегінде, елдігімізді нығайта түсетін мерейлі мерекемен құттықтады. Мемлекеттік рәміздер негізгі құндылықтарымыз бен мұраттарымызды айшықтап, әрқайсымыздың бойымызда елімізге деген шынайы мақтаныш сезімін оятатынын жеткізді. Сонымен қатар басты елдік нышандар сын сағатта да, жеңісті күндерде де барша азаматты біріктіретініне тоқталды.