Жергілікті кәсіпкер тауарлы су маржандарының санын көбейтуді жолға қойған. Жасанды тоғанға Шардарадағы балық зауытынан шабақ әкеліп жіберген. Аумағы – жарты гектар. 10 мың текше метр су сияды. Қазір мұнда ірілі-ұсақты 3000-нан астам балық бар. Кәсіп иесі ауылдастарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олар үш мезгіл жемдеп, судың деңгейін қадағалап отырады. Тоғандағы су жылы болса ғана балықтардың тәбеті ашылып, салмақ қосады екен. Бүгінде балықтың алды 2 келіге дейін салмақ жинаған. Кәсіпкер күзде су жануарларын сатылымға шығаруды көздеп отыр.