Сарыағаштық шаруалар 300 келі ет беретін тайынша бағып отыр. Дербісек ауылының тұрғыны Серік Шалқаровтың бүгін тасы өрге домалап тұр. Қорасында 100 шақты қазақтың ақбас сиыры бар. Оны Өскеменнен алдырыпты. Әуелгіде 50 бұқадан бастаған ол кейін оның санын көбейткен. Оны сойып сатып, етін жақын маңдағы базарға өткізеді. Кәсіпкердің бұл кәсіппен айналысқанына көп бола қойған жоқ. Бірақ аз уақыттың ішінде осы саланы терең меңгеріп, қыр-сырына қанық болған. Тұтынушының да көңілінен шығып отыр. Малдарды ерекше күтіп, жыл сайын ерте көктемде арнайы егу жұмыстарын жүргізеді. «Санитарлық талапқа айрықша мән береміз» – дейді кәсіпкер.