Енді оңды-солды несие ала беру деген болмайды! Бүгін сенаторлар азаматтарға тоқсан күннен астам мерзімі өткен берешегі болған кезде кредит беруге және жұбайының келісімінсіз кредит беруге тыйым салтын Заң жобасын қарады. Заң күшіне енгенде 90 күннен кейінгі сыйақыны есептеуге де тыйым салынады, ал мерзімді әскери қызметті өткеру кезінде қарыз алушының кредиттерін кейін төлеуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, 45 күнге дейінгі және 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомадағы онлайн микрокредит берудің ерекше шарттарының күші жойылады. Бұдан бөлек, клиентке биометриялық тексеріс жүргізбей, банктер мен микроқаржы ұйымдары электронды түрде кредит бере алмайды. Айта кетейік, Қазақстанда бір емес бірнеше кредит алып, қара тізімге енген миллиондаған азамат бар. Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 12 мың адам банкрот болып танылып, 27 млрд теңгенің қарызы кешірілген.