Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур президентімен кездесті. Қазақстандық делегацияны Сингапур Преизденті Тарман Шанмугаратнам ерекше салтанатпен қарсы алды. Қос мемлекеттің ән ұраны шырқалып, Қазақстан президенті Сингапурдағы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Осыдан кейін екі елдің басшылары келіссөз жүргізді. Пандемия кесірінен туындаған экономикалық қиындықтарға қарамастан, екіжақты сауда көлемі 2 миллиард доллардан асады деп күтіліп отыр. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Өз кезегінде Президент Тарман Шанмугаратнам екі ел арасындағы қарым-қатынастың даму динамикасына жоғары баға берді. Кездесуде энергетика, аса маңызды шикізатты өңдеу, инфрақұрылымды дамыту, цифрлық экономика, агротехнология, логистика және байланыс секілді негізгі салалар бойынша ынтымақтастықты арттыру талқыланды.