Атырау қаласына нөпір су төніп келеді. Бүкіл күш қалаға түскелі тұр. Тасқын қаупі сейілмегенін ескерткен облыс әкімі Серік Шәпкенов учаскелердегі кезекшілікті күшейтуді тапсырды. Бүгін аймақ басшысының төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті. Жаға бойында тәулік бойына кезекшілікті күшейтуді, дабыл бөгет жарылған соң емес, ыза түсіп дымқыл тарта бастағанда қағылу керектігін атап өтті. Әр учаскеде арнайы техникалар сақадай сай тұру қажеттігін баса айтты. Атырау облысында 500 шақырымнан астам бөгет салынды. Қазір әртүрлі ұйымдардың 2000-нан астам қызметкері, еріктілер, әскери қызметшілер тәулік бойы кезекшілікте тұр.