Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Премьер-министрі Роберт Фицоға жасалған қастандықты айыптады. Ел президенті бұл әрекетті террорға балап, мұндай қараулықты мүлде ақтауға болмайтынын мәлімдеді. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан мен Словакияны ұзақ жылғы достық пен өзара тиімді ынтымақтастық қатынастар байланыстырады. Бұл игілікті істе Премьер-министр Роберт Фицо елеулі рөл атқарды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Роберт Фицоның тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Естеріңізге салсам, қастандық Гандлова қаласында болған еді. Саясаткер үкімет отырысынан кейін тұрғындар алдына шыққан кезде белгісіз біреу оған қарумен шабуылдаған. Үкімет басшысына екі оқ атылған. Бірі Фицоның кеудесіне, екіншісі ішіне тиген. Қазір Премьер-министр ауруханада жатыр. Оған шұғыл ота жасаған дәрігерлер өміріне төнген қауіп жоқ дейді.