Қазақстан, Украина және Чехия полициясы интернет-алаяқтардың екі трансұлттық қылмыстық тобын жойды. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, интернет-алаяқтыққа шетелдік азаматтардың қатысы бар екенін анықтады. Қаскүнемдер өздерін банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, қазақстандықтарға қоңырау шалып, олардың шоттарының деректерін алуға тырысқан. 9 адам ұсталып, 17 компьютер, 62 мобильді құрылғы тәркіленді. Ал Одесса қаласында үш алаяқтық call-орталық таратылды. Қаскөйлер жалған инвестициялық компанияларға қаржы салу сылтауымен интернет-алаяқтық жасаған. Мұнда 23 адам ұсталды. 8 автокөлік, ноутбуктар мен смартфондар, 100-ден астам sim-карта, сондай-ақ 200 мың АҚШ долларынан астам сомаға цифрлық активтер тәркіленді.