Түркістан облысында жібек кластері дамиды

19
26.04.2024 20:49

Жетісай ауданында тұт өсіру арқылы жібек құртын өндіру ісі мықтап қолға алына бастады. Өткен жылы көршілес Өзбекстаннан әкелінген жапондық «Ашима» сортының алғашқы 10 мың данасы егілген еді. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, жібек кластерін дамыту мақсатында тұт ағаштарын отырғызуға 31 гектардан астам жер бөлінген. Оған 6 кәсіпкер қызығушылық білдірген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды шаруа қожалықтардағы жұмыстармен танысып, жауаптыларға тапсырма берді. Биыл жоспар бойынша Жетісай ауданында 400 гектар жерге тұт өсірілмек. Осы арқылы тоқыма өндірісін дамыту көзделіп отыр. Мамандар табиғаты қолайлы өңірде 1 гектар жерге егілген тұт ағашының жапырағынан 2 млн теңгеге дейін, ал, жібек құртын өсіру арқылы 4,5 млн теңгеге дейін пайда табуға болатынын айтады. Егер бұл өлкеде осы кәсіп жаппай қолға алынатын болса өнімдерді Шығыс Еуропа мен Жапония, Оңтүстік Корея мен Қытайға еш кедергісіз сатуға болады.