Түркістан облысында дауыл басылмай тұр. Қатты желдің кесірінен 51 елдімекен жарықсыз қалған. Онда 26 мыңдай адам тұрады. Жағдайды түзету үшін 25 бригада іске кіріскен. 80-нен астам жұмысшы мен 22 бірлік техника тартылған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше құм суырған желдің кесірінен Бәйдібек ауданындағы ауылдарға көбірек зиян келген.
Сондай-ақ, табиғаттың тосын мінезінен Арыс қаласы мен Сайрам, Отырар, Ордабасы аудандарында үйлердің шатыры ұшты. Электр желілері үзілген. Синоптиктер қатты дауыл әлі де жалғасады деген болжам айтып отыр.