Мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты 33-ші сессиясы өтті. Президент еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, биылғы сессияны онлайн-форматта өткізу туралы шешім қабылдаған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде халқымыздың биыл ауыр сынаққа тап болғанын айтып, зардап шеккен азаматтарға барлық көмек көрсетілетінін жеткізді.