«Ауыл аманаты» жобасы ауылдағы ағайындардың тұрмысын түзетті. Енді тұрғындар төрт түлікті бағып қана қоймай, балық өсіруге де кіріскен. Биыл өңірде жоба арқылы 2,5 пайыз несиеге тоған жасап, шабақ өсірушілердің қатары 50-ге жеткен. Жағдай осылай жалғасса алдағы екі-үш жылдың көлемінде олардың саны жүзге жуықтайды дейді мамандар.
Шардараның балығы баяғыдан-ақ бренд. Сұраныс та жоғары. Нарық қажеттілігін қамту үшін Тұрысбеков ауылының өзінде 9 кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы арқасында 87 млн теңге жеңілделілген несие алды. Солардың бірі - Аязхан Нұрсамат. Шаруа жасанды тоғанда 1,5 млн шабақ өсіріп отыр. Одан жыл соңында 400 тонна өнім жинайды.