Түркістан облысы Жетісай ауданында орталық саябақ күрделі жөндеуден өтті. Аудан орталығы Жетісай қаласындағы нысан бүгінде жаңаша кейіпке еніп, тұрғындар үшін демалыс орындары ашылды. Саябақ аумағында тағы қандай ерекшеліктер бар? Толығырақ тілші бейнематериалында.
Жоба барысында саябақ аумағынан жеке әкімшілік ғимарат салынды. Сондай-ақ, мұнда бұқаралық спортты дамыту бағытында стрит воркаут алаңшалары мен балалар алаңшалары да бой көтерген. Жаңаша кейіпке енген саябаққа қазіргі таңда келушілер мен демалушылар саны артқан.
Орталық саябақта үлкендер мен бүлдіршіндерге арналған бассейндер, биіктігі 5 метрге дейін жететін субұрқақтар салынған. Кешкі уақытта тұрғындар мен қонақтарға серуендеу үшін 140-қа жуық жарықшамдар орнатылған. Сондай-ақ, жаңадан аяқжолдар салынып, нысанның кіреберіс қақпасы да жаңартылған.
Саябақ аумағына көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жан-жағы жасыл желекке оранған. Аумағы 17,4 гектар саябақта республикалық жарыстарды өткізуге қауқарлы спорт кешені де орналасқан. Спорт нысаны сыртында кіші футбол алаңшасы бар.