Түркістан
EN

Келестіктер Ақтөбе облысына 10 млн теңгеден астам гуманитарлық көмек жіберді

84
08.04.2024

Азық-түлік тиелген жүк көлігі лық толды. Аудан халқы қарғын судан зардап шеккендерге көмек көрсетуге асық.  Себебі келестіктер табиғи апаттың қиындығын жақсы біледі. Осыдан 15 жыл бұрын аймақта су тасып, тұрғындары әбігерге түскен еді. Келес аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Лесбек Нұртаев ел басына түскен қиындықты бірлесіп қана еңсере аламыз дейді.

Ауданнан Ақтөбеге жөнелтілген гуманитарлық көмектің мөлшері 10 млн теңгеден асады. Тұрғындар азық-түліктен бөлек жылы көрпе төсек, киім-кешек жөнелткен. Игі іске аудан жастары мен ақсақаладары бірлесе ат салысты. Ал, тауар жолға шығар сәтте ел ағалары ақ жол тілеп, бата оқыды.

Айта кетейік, Елімізде су тасқыны 27 наурызда басталған еді. Осы уақыт аралығында 70 мыңнан астам адам эвакуацияланды. 15 мыңға жуық адам уақытша орналастыру пунктіне орналастырылды. 61 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды.