Түркістан облысында қалдықтарды өңдеп, одан ауыл шаруашылығына қажетті заттар шығаратын цех бар. Келес ауданындағы өндіріс орнында жылыжай құрылысына қажетті жабдықтар жасалады. Зауыттың жоба құны 100 млн теңге. Мұнда 20 маман жұмыс істейді. Өнеркәсіп ісімен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды танысып қайтты. Толығырақ тілші репортажында.
Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және оны кәдеге жарату – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Полигондардағы қоқыс табиғатты ластап, су мен ауаны күннен күнге улауда. Дегенмен, өңірде тұрмыс қалдықтарын өңдейдін технологиялар қолға алынып жатыр. Солардың бірі осы зауыт. Алты жыл бұрын ашылған кәсіпорын күнделікті 2 тонна пластикалық қоқысты қайта өңдейді. Осылайша түйіршіктелген шикізат пайда болады. Зауытта жартылай дайын өнімнен күніне 180 келі пленка мен 60 келі пресс жіп жасалады. Сондай-ақ күніне 300 мың метрге дейін тамшылатып суғару құбыры әзірленеді.