Түркістан облысының Шардара ауданы «Ауыл аманаты» бағдарламасының шарапатын көріп отыр. Мәселен, Достық ауылдық округінің тұрғындары қазіргі таңда мемлекеттік қолдауға ие болып, мал бордақылау ісі, егін мен бау-бақша шаруашылығын қолға алған. Кеңес заманында ақ алтын егумен аты шыққан өңір қазіргі таңда аймақты ет, сүт өнімдерімен, сондай-ақ экологиялық таза көкөніс пен жеміс-жидекпен қамтып жатыр.
Қызылдың құмына жақын орналасқан округ бұрыннан күріш, жүгері, бақша дақылдарын егумен де талайларды таңғалдырған. Бұдан бөлек, түйе бағып, қымыран өндіруді де ата-бабадан қалған бағзы дәстүрі санайды. Қазіргі таңда мұнда 3 мыңнан астам халық тұрады. Биыл олар «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына қатысуға мүмкіндік алыпты. Соны тиімді пайдаланып, кәсіп ашқысы келетіндердің қарасы артқан.