Түркістанда 9 балалы отбасы тұратын жалдамалы пәтер өртеніп кетті. Бүтін бір отбасы әп-сәтте далада қалды. Әйтеуір, бір жақсысы жанұя мүшелерінің барлығы дін-аман. Оқиға күні кеше болған. Тілсіз жау қалай және қайдан шықты? Келеңсіз жайттың жай-жапсары туралы тілші репортажында.
Бос жатқан бесік, күйік шалған ас үй жиһаздары. Бұл - 2 бөлмелі жалдамалы пәтердің қазіргі жағдайы. Оқыс оқиға шамамен түскі сағат 1 мен 2 аралығында болған. Бұл сәтте балалардың әкесі жұмысқа, ал анасы балалардың оқу құралдарын алу үшін базарға кетіпті. Тапа тал түсте шағын үйде шиеттей бала-шаға тек өздері қалған.