Жаға ұстарлық жағдай. Атырауда өзінің екі баласын саудалаған безбүйрек ана 8 жылға сотталды. Оның сотқа берген аппеляциялық шағымы өзгеріссіз қалды. Сондай-ақ сот сәбилерді сатып алған жандарды да шартты жазаға кесті.
Тергеу мәліметтері бойынша, әйел алдымен өзінен туған перзентті сатқан. Содан кейін тағы да жүкті болып, онысын алаяқтық жолмен саудалаған. Яғни, құрсағындағы сәбиді екі түрлі отбасына беретін болып келіскен. Тіпті олардан алдын-ала 2 миллион 300 мың теңге алып та қойған. Бірақ жеме-жемге келгенде, баланы бермей қашып кеткен. Себебі келіншек дүниеге келетін нәрестесін үшінші бір отбасына сататын боп уағдаласқан. Олар бала дүниеге келгенше сотталушының шотына ақша аударып тұрған. Жаңа туған нәрестені сол әулет алып кеткен екен. Ерлі-зайыптылар тіпті балалардың туу туралы куәлігктеріне өз аттарын жаздырып үлгерген.