Түркиядағы Түркістандық түлектер жиі бас қосып тұрады. Арнайы «Түлектер» қорын құрып, бір-бірімен үнемі байланыс орнатып, кездесіп тұруды әдетке айналдырған. Ал, алыстағы достарымен хабарласып, хат алмасуды да ұмытпайды.
Түркияның кебабын емес, кентаудың кәуабын сөз қылып отырған халықаралық қазақ-түрік университетінінің түлектері. Олар үнемі осылай бас қосып, студент шақтарын еске алады. Қанша жыл өтсе де, қазақтың дәмі әлі таңдайларынан кетпеген.
Жиналғандардың бәрі «Түлектер» қорының мүшесі. Оқу орнын әр жылы аяқтаса да, оларды біріктіретін бір дүние бар. Ол – рухани шаһардағы естен кетпес естеліктер.
МУРАД ДЕМИРЕЗ – «ТҮЛЕКТЕР» ҚОРЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Бірі – адвокат, бірі – дәрігер, енді бірі – кәсіпкер. Атажұрттан алған білімдері, анажұртқа барып қызмет етуге септігін тигізді. Бір-біріне қолдау көрсетіп, қиын шақта демеу беруді де ұмытпайды. Ендігі бар арман-тілектері – Ахмет Ясауи кесенесінің ауасымен тағы бір мәрте тыныстау.