Түркістандық әйелдер де ердің ісін еңсеріп жүр. 62 жастағы Гүлсім Асқарова 42 жыл бойы кран айдап, елордамыз Астананың іргетасын қалауға атсалысқан білікті маман. Алғаш рет 17 жасында кран тізгіндеген еңбекқор әйел Түркістанның жаңа келбетін қалыптастыруға да елеулі үлес қосқан. Жұбайынан ерте айырылған ол қиындыққа мойымай қос перзентін жетілдіріп, аяқтандырған. Бүгінде зейнеткерлік демалысқа шығып, 10 немересінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Өз ісін жан-тәнімен сүйген әйел әлі күнге дейін кран айдауды сағынатынын айтады.