Мемлекет басшысы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады. Асхат Жұмағали Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің былтыр атқарған жұмысының нәтижелері жөнінде есеп берді. Өткен жылы жемқорлыққа қатысты 1692 қылмыс тіркеліп, 1324 адам әшкереленген. 2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1 триллионнан астам теңге көлемінде мүліктік активтер мен қаражат қайтарылған. Президент агенттік төрағасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды және алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкинді қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысы Ұлттық олимпиада комитетінің алдағы жұмысының басым бағыттарына назар аударып, ұлттық құрама спортшыларының алдағы 33 жазғы Олимпиада ойындарына даярлығына қатысты зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Сонымен қатар лицензиялар санын көбейту және Париж Олимпиадасында елеулі нәтижеге қол жеткізу үшін тиімді жүйе құру маңызды міндет екеніне тоқталды.