Ескі Иқан, Шорнақ, Қосмезгіл, Қожанов ауылдары сапалы ауыз сумен қамтылады. Аталған мақсатқа республикалық бюджеттен 8,8 млрд. теңге көлемінде қаржы қаралмақ. Бұл туралы Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров мәлімдеді. Ауданның 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген әкімнің айтуынша қазіргі таңда ауданда барлығы 33 елді мекен ауыз сумен қамтылған. Ойық елді мекенінде ауыз су құбырының құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне берілген. Тозығы жеткен 68 су тарту құрылғысы ауыстырылып, 8 елді мекенде ауыз су берілу уақыты 24 сағатқа ұзартылды.