Павлодар облысында бір кент жер астына кетуі мүмкін. Мұны мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы мәлімдеді. Еске сала кетейік, 4 қаңтар күні «Майқайыңалтын» кен орнында үлкен ойық маңындағы топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын. Оның екеуі мерт болса, қалған екі азаматтың тағдыры әлі де беймәлім. Депуттаттың сөзінше, тұрғындарға құлаған жердің астында бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпеген. Бұған келесі кентте тұратын «Шанхай» шағын ауданының тұрғындары да алаңдап отыр. Себебі ол жердің асты да шахтаға айналып кеткен. Ал «Майқайың Алтын» акционерлік қоғамының 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан компанияға тиесілі. Кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндіріліпті. Алайда олар жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген.