Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енгелі үш ай. Қарапайым тілмен айтсақ жаңа заң мемлекеттік органның жұмысын тәртіпке келтіруді көздейді. Статистиканы сөйлетсек, осы 90 күннің ішінде Түркістан облысының мамандандырылған әкімшілік сотына 213 талап арыз түскен. Оның 31-і сотта қаралып, 9-ы арызданушының пайдасына шешіліпті. Тұрғындар көбінесе жер, салық, еңбек, тұрғын үй, мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар бойынша құзырлы органға жүгінеді екен. Мұндай істерді қарағанда бұрын болмаған сенім құқығын қорғау, мөлшерлестік, соттың белсенділік рөлі қағидаттары басшылыққа алынады.