Енді қазақстандықтар жеңіл жол-көлік апатын полиция мен сақтандыру комиссарын шақырмай-ақ рәсімдей алады. Яғни көлік иелері екеуара келісіп онлайн түрде жол апаты болғаны жайлы хаттама түзе алады. Ол үшін Еврохаттама мобильді қосымшасын тегін жүктеп алсаңыз болғаны. Жол-көлік оқиғасын 15 минут ішінде тіркеп, төлемдерді 6 күн ішінде алуға мүмкіндік бар. Хаттама түзудің өзіндік шарттары да бар көрінеді. Яғни, жол-көлік оқиғасына тек екі көліктің түсуі, қатысушылардың өмірі мен денсаулығына зиянның болмауы және шығын сомасының 100 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Айта кетсек, бүгінге дейін аталған қосымша арқылы 1000-нан аса қазақстандық өтініш беріп үлгерген.