Қазығұрт ауданындағы Қақпақ елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Ал, ауданның орталық ауруханасының материалдық техникалық базасы нығайып, жаңа медициналық құрылғылармен толықты. Емдеу мекемесіне соңғы үлгідегі компьютерлік томография және ультрадыбыстық зерттеу аппараттары берілді.
Қазығұрт ауданының тұрғындары компьтерлік томографияға түсу үшін басқа қалаларға баратын. Соңғы үлгіде шығарылған аппарат күніне 30-ға жуық науқасқа қызмет көрсетіп, диагнозын дәл анықтай алады. Ол үшін арнайы кабинет ашылып, 4 маман жұмысқа алынған. «Су жаңа компьютерлік томография мен ультрадыбыстық зерттеу аппараттары қауіпті ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді», - дейді дәрігерлер.
САМАТ РЫСБАЕВ – ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ РЕНТГЕН ДӘРІГЕРІ
Жедел ми-қан тамырлары ауруларының бұзылыстары, ауыр жарақаттар, онкологиялық ауруларды анықтауға мүмкіндік туды.
7 мыңнан астам тұрғыны бар Қақпақ елді мекенінде бұған дейін фельдшерлік-акушерлік пункт болмаған. Енді ауылдағы ағайын аудан немесе облыс орталығына сабылмай, қажетті ем-домын үй маңынан алады. Себебі, заман талабына сай салынған фельдшерлік-акушерлік пункт ел игілігіне беріліп отыр.
АЗАМАТ ОРДАБЕК – «ӨРКЕН» ФЕЛЬДШЕРЛІК-АКУШЕРЛІК ПУНКТІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Күніне 30-40 адам қараймыз. Акушерлер бар, екіқабаттарға көмектеседі. 4 қызметкер, 2 медсестра, 1 акушер, санитар жұмыс істейді.
Нысанның құрылысына ел қазынасынан 140 млн.теңгеден астам қаражат бөлінген. Жалпы, Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдарда 49 жаңа нысан салу жоспарланып отыр.