Түркістан облысында киіз үй жасап, ата дәстүрді дәріптеп жүрген отбасы бар. Келес ауданының тұрғыны киіз үйдің ағашын қолдан жасалған құрылғылардың көмегімен иеді. Ұста жасаған дүниесін қайда өткізеді? Тапсырыс бар ма? Ағаштан түйін түйген шебермен тілшіміз тілдесіп қайтты. Бесқұбыр ауылының тұрғыны Қарабай Құрбаев киіз үй жасаумен 2 жылдан бері айналысады. Айтуынша, әкесі ертоқым шауып, сандық жасаған шебер болыпты. "Әке көрген оқ жонар" демекші, бірнеше жыл басқа кәсіптің басын қайырған ол, соңында ата кәсіпке бет бұрған. Үйінен шағын цех ашып, киіз үй жасауда. Қазір 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тапсырыс жаман емес дейді.
ҚАРАБАЙ ҚҰРБАЕВ - ҰСТА
«2 ай болды Өскеменнен келіп, тапсырыс беріп жатыр. 8 қанатты 20 үйге. Оны осы 2024 жылғы көктемге дайындаймыз. Ағашты қазір қырқуға болмайды, көктемге дайындаймыз. 2 жылда 150-дей киіз үй жасадық. Көбіне қойшылар мен диқандар алады»
Ұста киіз үйді қарағаш пен көк талдан жасайды. Ағашты ауыл тұрғындарынан сатып алады. Себебі киіз үйге қажетті ағаш ауылдағы кезкелген үйде өсетінін айтады. Бағасына келісіп, кеседі. Сосын өзі қолдан жасаған мына пештің ішіне салып, бумен әбден қыздырады.
АБАЙ ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ - ҰСТАНЫҢ КӨМЕКШІСІ
«Осыған су құйып, астынан от жаққан кезде ішіне бу толады да ағашымыз жібиді. Игенге, майыстырғанға оңай болады. Будың ішінде 2 сағаттан 4-қа дейін тұрады. Шыбық жіңішке болса, 2 сағат, жуандау болса, 4 сағат тұрғызамыз. Майыстырғанда сынып кетпейді. Қазір ағаш кесетін түрлі қондырғылар бар. Бірақ шебер киіз үйге қажетті ағаштың барлығын бірде-бір заманауи құрылғыларды қолбанбай өзі қолдан жасаған дүниелермен істейдІ»
Қазір кәсіпкер киіз үйдің тек сүйегін ғана жасайды. Енді «ауыл аманаты» жобасының 6-шы бағыты бойынша 2,5 пайыздық несие алып, барлық керек-жарағымен дайын күйінде сатуды жоспарлап отыр. Оны келіншегі іске асырмақ. Сөйтіп отбасылық кәсіп иелері киіз үйді демалыс орындары арқылы шетелдік туристтерге көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттамақ ниетте.
МӨЛДІР БЕГАЛЫҚЫЗЫ - Қ.ҚҰРБАЕВТЫҢ ЖҰБАЙЫ
Осы ауылдағы қолөнері бар, тігін тігетін, ою-оятын, құрақ-құратын қыз-келіншектерді жинап, шағын цех ашып, киіз үйді әбзелдерімен толықтай жасау. Туризм орталықтарын ашып жатыр ғой таулы аймақтарда. Сол жерде таспен салғанша қазақ үйді қонақ үй ретінде жасап, көрсетсе керемет дүние болар еді. Жалпы Түркістан өңірінде киіз үй жасайтын бірнеше шебер бар. Олардың кейбірі биыл «ауыл аманаты» жобасының игілігін көрді. Жеңілдетілген несиеге құрал-жабдықтарын жаңалады. Айта кетейік, өткен жылы облыста «ауыл аманаты» жобасы аясында 19,8 млрд теңгеге 3 256 жоба қаржыландырылып, 3517 жұмыс орны ашылды.